CaspianLife, 16 ақпан. Caspian News телеарнасының хабарлауынша, баспасөз брифингінде Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин күні кеше телеарна көтерген «Талқайраң-2» ықшам ауданында апатты деп танылған 14 үйдің мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Бүгінде билік тұрғындарға өтемақы төлеу үшін демеуші іздеп жатыр. Себебі, бұл баспаналарды салған «АзияСтройСервис» компаниясы банкрот болған. Компания өкілдері және тұрғындардың қатысуымен жиналыс өткен. Қала әкімінің айтуынша, мердігер мекеме өкілі бұл мәселенің сот арқылы шешілетінін айтып, өтемақы төленбейтінін мәлімдеген.
«Аталған 14 үйдің тұрғындарын біз далаға тастамаймыз. Уәде бергенбіз. 54 үйде қандай жұмыстар істеліп жатыр, біз де осы мәселеге қосымша демеушілермен шешім табу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Біздің жауабымызға қанағаттанбай отырған немесе қылмыстық іс қашан аяқталады деп сұрап жүрген азаматтарға сотқа жүгінуге ұсыныс бердік», — деді Шәкір Кейкин.
Әкімнің сөзінше, бұл үйлердің құрылысына 244 млн теңге жұмсалған.
Еске салайық, 2020 жылы Нұрлы Жер бағдарламасы арқылы «Талқайраң-2» ықшам ауданында 60 үй салынып, тұрғындарға берілген. Үш мердігер салған бұл үйлерді азаматтар Отбасы банк арқылы ипотекаға алған. Алайда аз уақыт өткен соң үйлердің қабырғалары жарылып, едендері түсіп кеткен. Тіпті кей жерлерде қабырғалар құлап, адам өміріне қауіп төндірген. Соның салдарынан тұрғындар пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды.
Биыл 5 ақпанда мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институтының қорытындысы шыққан. Мамандар үйлердің сапасы сын көтермейтінін мәлімдеді. Жөндеу жұмыстарының құны жаңа үй салуға кететін қаржымен бірдей болатыны айтылған.

