CaspianLife, 14 ақпан. Қазақстанның ерлер құрамасының көшбасшысы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияда өткен 2026 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша ол 92,94 ұпай жинап, бесінші орында тұрған еді.
Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, еркін бағдарламада қазақстандық спортшы төрешілерден 198,64 ұпай алып, жалпы есепте 291,58 ұпай жинады. Бағдарлама барысында ол бес төрттік секіруді сәтті орындады. Осы нәтиженің арқасында Шайдоров бірінші орынға көтеріліп, алтын медаль иеленді.
Екінші орынды 280,06 ұпаймен жапониялық Юма Кагияма иеленсе, үшінші орын 274,90 ұпаймен тағы бір жапониялық спортшы Шун Сатоға бұйырды.
Осылайша, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде Қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы екінші алтын медалін жеңіп алды. Бұған дейін 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов Олимпиада чемпионы атанған болатын. Сонымен қатар, еліміз мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш алтын медальға қол жеткізді. Бұған дейінгі ең үздік нәтиже — 2014 жылы Денис Тен әкелген қола медаль еді.

