CaspianLife, 5 ақпан. Қазақстандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) мобильді қосымшасында «айнадай» және «қалаулы» мемлекеттік нөмірлік белгілерге онлайн тапсырыс беру қызметі іске қосылды. Бұл сервис үйден шықпай-ақ өтінім рәсімдеуге мүмкіндік береді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми Telegram-арнасының хабарлауынша, қызметті пайдалану бірнеше минутты ғана алады: пайдаланушы ХҚКО қосымшасында қажетті нөмір мен серияны енгізеді, ал өңір өтініш берушінің тіркелген жеріне қарай автоматты түрде анықталады. Жүйе таңдалған комбинацияның бос немесе бос еместігін бірден көрсетеді.
«Егер нәтиже оң болса, бірден төлем жасауға өтіп, дайын нөмірді алу үшін ыңғайлы бөлімшені таңдауға болады. Ал таңдалған комбинация бос емес болған жағдайда, жүйе бұл туралы хабарлап, басқа нұсқаны енгізуді ұсынады. Қызметтің іске қосылуы цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамытудағы тағы бір қадам болып, азаматтардың жайлылығы мен ыңғайлылығына бағытталған», — делінген хабарламада.

