CaspianLife, 23 қаңтар. Бас прокуратура телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың белең алып бара жатқанын айтып, азаматтарды сақ болуға шақырды. Қадағалау органы алаяқтардың әдіс-тәсілдері барған сайын күрделеніп келе жатқанымен, негізгі схема өзгеріссіз қалып отырғанын ескертеді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, алдымен жәбірленушінің телефонына «1414» қысқа нөмірінен SMS-код келеді. Одан кейін алғашқы қоңырау түседі: қаскөйлер өздерін мемлекеттік орган, банк немесе курьерлік қызмет өкілі ретінде таныстырып, келген кодты айтып беруді сұрайды.
«Осыдан кейін екінші байланыс орнатылады — бұл жолы өзін банк қауіпсіздік қызметінің, полицияның немесе ҰҚК-нің қызметкері ретінде таныстырған адамдар хабарласады. Кей жағдайларда тіпті бейнебайланыс арқылы сөйлеседі. Олар алдыңғы қоңырау алаяқтардан болғанын айтып, берілген кодтың салдарынан шоттағы қаражат шешіліп кетуі немесе несие рәсімделуі мүмкін екенін алға тартады. Содан соң “қауіпсіз шотқа” аудару үшін несие рәсімдеуді ұсынады. Нақты ұрлық пен жәбірленушінің атына алаяқтық несиелердің рәсімделуі дәл осы кезеңде орын алады», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, бұрын «1414» қысқа нөмірінен SMS жіберу үшін тек әлеуетті жәбірленушінің телефон нөмірін енгізу жеткілікті болғаны айтылды. Қазір «1414» SMS-шлюзін пайдаланатын жүйелерге қол жеткізу тек биометриялық аутентификация (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе QR-код (eGov QR) арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап бұл талаптарды енгізбеген жүйелер «1414» SMS-шлюзінен ажыратылған. Аталған шаралар азаматтарды алаяқтардан қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.
Бас прокуратура азаматтарға келесіні ескертеді:
-
мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS арқылы келген бір реттік кодтарды, банк картасының деректерін немесе құпиясөздерді сұрамайды;
-
«қауіпсіз шот» деген ұғым жоқ, ақша аударуға арналған мұндай шоттар болмайды;
-
күмәнді қоңыраулар кезінде аса мұқият болып, жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеңіз;
-
күдік туған жағдайда дереу банкке немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарласыңыз;
-
кибергигиена ережелерін сақтаңыз: тек ресми қосымшалар мен қызметтерді пайдаланыңыз, сілтемелер мен хабарламаларды мұқият тексеріңіз.

