Caspianlife, 21 қаңтар. Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Ұлттық құрылтайдың V сессиясында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау аясында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Күні кеше Мемлекет басшысы еліміздің өмірінде ерекше орын алған Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиясын қорытындылап, мемлекет пен халқымыздың болашағын айқындайтын зор міндеттер жүктеді. Алдымен, бұл мән-маңызы жағынан жаңа Атазаң қабылдаумен бірдей конституциялық өзгерістердің аясында ғана емес, жалпы Тәуелсіздік тұғырын одан әрі нығайтуды көздейтін тарихи белес», – деді Аида Балаева.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, вице-премьер Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» атты негізгі принциптерін іске асыру аясында жүйелі жұмыс жалғасатынын атап өтті.
Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік рәміздерді құқықтық және жеке тұлғалардың пайдалану тәртібін егжей-тегжейлі реттеу бойынша жұмыс жүргізеді. Құқықтық нормативтік актілерге қажетті түзетулер енгізіледі, сондай-ақ көрнекі әдістемелік материалдар дайындалады», – деп хабарланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсететін азаматтарды ынталандыру бойынша қосымша шаралар әзірленеді.
Тағы бір маңызды мәселе – тарихи-мәдени мұраларымызды ЮНЕСКО деңгейінде насихаттау. Президент бұған дейінгі Ұлттық құрылтай отырыстарында бұл мәселеге ерекше назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы тапсырмасымен Жаркент мешіті мен Вознесенск соборын біріктіретін номинация, Қаратау жотасындағы петроглифтерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатын болады. «Абайдың қара сөздері» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу үшін тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданды.

