CaspianLife, 19 қаңтар. Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бопсалау дерегін анықтады.
ҚР ІІМ-нің ведомстволық сайты (Polisia.kz) хабарлағандай, аталған факт бойынша 2000 жылы туған жәбірленуші арызбен жүгінген. Оның айтуынша, 1997 жылы туған ер адам әлеуметтік желілерде және туыстарының арасында интимдік фотосуреттерін таратамын деп қорқытып, 1 миллион теңге көлемінде ақша бопсалаған. Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті WhatsApp мессенджері арқылы алдымен 200 мың теңге аударуды, ал қалған 800 мың теңгені 20 қаңтарға дейін төлеуді талап еткен. Ақшаны көрсетілген есепшотқа аударуды міндеттеген.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 17 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында екі ер адам ұсталды. Тінту барысында күдіктілердің бірінен көк түсті iPhone 14 Pro Max, екіншісінен қара түсті iPhone 11 ұялы телефондары тәркіленіп, заттай дәлел ретінде іске тіркелді», — делінген хабарламада.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

