CaspianLife, 13 қаңтар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Атырау облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Жағалауды күзету дивизионының жеке құрамымен кездесуі кезінде айтылды. Әскери бөлім Дамба ауылында орналасқан (Атыраудан төменгі Жайық өзенінің сағасына қарай шамамен 20–25 км қашықтықта — CaspianLife ескертпесі).
Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға Мәжіліс депутаты Абзал Құспан, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы төрағасы Абдолла Идресов және облыстық маслихат депутаты Жеңіс Әбілқарес қатысты. Кездесу барысында мемлекеттік шекараны күзету қызметін атқаратын бөлімшенің материалдық-техникалық жағдайы талқыланды.
«Атап айтқанда, жағалауды күзету бөлімшесінің әкімшілік-бөлме ғимараты 1980 жылы салынған бұрынғы балалар бақшасы болып табылады және техникалық қорытындыға сәйкес апатты жағдайда тұрғаны анықталды. Ғимарат пайдалануға берілген сәттен бастап жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, жаңбырлы күндері шатырдан су ағып, нәтижесінде объект пайдалану үшін жарамсыз күйге келген», — деп көрсетілген Мәжіліс сайтында жарияланған ақпаратта.
Сонымен қатар, 2024 жылы депутат аталмыш мекеменің ұжымымен кездесу өткізгені, онда бірқатар мәселелер көтерілгені атап өтілген. Нәтижесінде дивизионның автотұрағы жаңартылып, қайта салынды. Биыл жалпы құны 17 млн теңге болатын жөндеу жұмыстары басталуы жоспарлануда.
Кездесу барысында Атырау облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Жағалауды күзету дивизионының командирі Фархад Мирманов бөлімшеде жүзеге асырылып жатқан жобалар және шешуді қажет ететін проблемалық мәселелер туралы ақпарат берді. Өз кезегінде Бақтықожа Ізмұхамбетов көтерілген мәселелерді шешу үшін уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

