CaspianLife, 5 желтоқсан. Бұл туралы Қазақстан Президенті бүгін Мемлекет басшысының сайтында жарияланған «Turkistan» газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.
«Газеттер мен журналдар қайта өрлеу кезеңіне қадам басты, өйткені әлеуметтік желілер адамдардың ойлау (танымдық) қабілетіне үлкен зиян келтіріп жатыр. Қазірдің өзінде білім деңгейі мен дүниетанымы он бес жастағы жасөспірімдермен шамалас қырық жастағы адамдарды кездестіріп жүрміз.
Жасырмаймын, жастайымнан мерзімді басылымдарды оқуға әуес болдым, бұл әдетімнен бүгінге дейін айныған емеспін. Қазіргі жағдайда баспа БАҚ өз орнын іздеп, тауып отыр, шолу мен талдауға басымдық беріп, ағартушылық қызмет атқаруда. Кәсіби әрі адал журналистер дайындаған газет материалдары дәстүрлі құндылықтарды сақтауда маңызды рөл атқарады. Газеттерден мен Отанымыздың игілігі үшін қоғам өмірінің барлық саласында жемісті еңбек етіп жүрген лайықты жандар туралы жиі ақпарат аламын. Қазір кең танымал TikTok, Instagram, Telegram-арналар, келісерсіздер, еңбек адамдарының түпкі мүддесінен алшақ.
Қоғамымыз тек жаңалық сенсациялары мен бейне-көріністерді тамашалаумен шектелмей, мазмұнды ақпаратты қадірлейтін деңгейге жетсе деймін. Қуантатыны — менің бұл пікірімді білім мен таным әлемінде өмір сүргенді жөн көретін, көбіне өмірлік тығырыққа тірейтін жалған иллюзиялардан алыс болуға ұмтылатын көптеген жастар қолдайды. Оқу мәдениеті жоғары елдер жаһандық прогрестің алдыңғы шебінде қала беретініне кәміл сенемін».
(Қ-Ж.Тоқаевтың сұхбатының толық мәтіні Ақорда сайтында жарияланған)

