CaspianLife, 26 желтоқсан. Ақтөбе облысының арнайы прокурорлары интернет-дүкен (Qymyz shop) арқылы ел аумағында психотроптық заттарды таратқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істі өндірістен аяқтады.
Бұл туралы бүгін Ақтөбе облысының прокуратурасы хабарлады. Таратылған ақпаратта аталған дерек Ақтөбе облысы полиция департаментінің (ПД) қызметкерлерімен бірлескен жұмыс барысында анықталғаны айтылған. Интернет-дүкеннің жалпы айналымы 50 млн теңгеден асқан. Қылмыстық схема Telegram мессенджерінде «байланыссыз» форматта ұйымдастырылып, қаржы айналымы «дропперлердің» банк карталары арқылы жүзеге асырылған.
Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 262, 297 және 299-1-баптары (ұйымдасқан топты құру және оған басшылық ету, есірткі құралдарын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында тарату, сондай-ақ есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында және Астана қаласында алты азамат анықталып, ұсталды. 10 келіден астам психотроптық зат тәркіленді.
«Тергеу органдарының белсенді процессуалдық әрекеттерінің нәтижесінде интернет-дүкен толықтай жойылды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды», — делінген хабарламада.

