CaspianLife, 17 желтоқсан. Мәжіліс медициналық қызметкерлерді қызметтік міндеттерін атқару кезінде физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністерінен қорғау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында депутаттар әзірлеген Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.
Мәжіліс Парламенті РК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулер аясында медициналық қызметкерлерге және жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілеріне қатысты күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқығаны үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін жаңа 380-3-бап енгізіледі.
Өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін 500-ден 1 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Егер қылмыс ауырлататын мән-жайларда жасалса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруға дейін қатаңдатылады.
Өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза мерзімі 7 жылдан 12 жылға дейін ұлғаяды.
Қылмыс құрамдарын нақты ажырату мақсатында депутаттар медициналық қызметкерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты күш қолданамын деп қорқығаны үшін жеке жауапкершілік белгілеуді ұсынды. Бұл жағдайда 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылады. Ауырлататын мән-жайлар болған кезде — 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру көзделген.
Сонымен қатар, заңда Қылмыстық-процестік кодекске аталған санаттағы істер бойынша алдын ала тергеп-тексеру мен анықтау жүргізу құзыретін ішкі істер органдарына бекіту нормасы енгізіледі.

