Caspianlife, 26 қараша. Ішкі істер министрлігі мұнай өнімдерін ұрлау, заңсыз тасымалдау және контрабанданы анықтап, жолын кесу бойынша кешенді жұмыстарды жалғастырып жатыр.
МІІК-тің Polisia.kz сайтында хабарланғандай, қараша айында Ақтөбе облысында мұнайды ұрлап, алғашқы өңделген өнімді жалған құжаттармен тасымалдаумен айналысқан адамдар тобы әшкереленген. Екі өңірде аталған топтың ұйымдастырушыларының тапсырмасымен шамамен 60 тонна мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаған жүк көліктерінің жүргізушілері ұсталды.
Тінту шаралары барысында күдіктілердің тұрғылықты жерлерінен және бір кәсіпорынның кеңселерінен 400 тоннаға жуық мұнай өнімі, сондай-ақ атыс және газ қарулары, заңсыз операцияларды дәлелдейтін қаржылық-құжаттамалық материалдар тәркіленді.
Бұдан бөлек, контрабандалық арна арқылы мұнай өнімдерін шетелге заңсыз шығаруға қатысы бар компанияның қызметіне қатысты қылмыстық іс бойынша тексеру жүріп жатыр. Алдын ала мәліметке сай, бұл кәсіпорын шамамен 8 млрд теңге болатын 30 мың тоннадан астам отынды экспорттаған.
Қазан айында шекара маңындағы теміржол бекеттерінің бірінде осы компанияға тиесілі, көршілес мемлекетке 300 тонна жанармай алып бара жатқан төрт вагон ұсталды. Анықталған фактілердің барлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жариялануға жатпайды.

