CaspianLife, 25 қараша. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Ол трансшекаралық хабтарды көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету барысы туралы баяндады.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Каспий торабы аясында Ақтау және Құрық теңіз порттарын жаңғырту жұмыстары қарқын алып жатыр. Биыл жыл соңына дейін Ақтау портында Қытайдың Ляньюньган компаниясымен бірлесіп контейнер хабының бірінші кезеңі іске қосылады. Жалпы жоба толық жүзеге асқанда, контейнер хабының қуаттылығы жылына 200 мың ЖФЭ-ге дейін жеткізіледі. Сондай-ақ Ақтау портында айлақтарды жаңғырту және айлақ акваториясын тереңдету жобалары да іске асырылуда.
«Құрық портында көпфункционалды «Саржа» терминалының құрылысы жүріп жатыр. Каспий теңізі арқылы контейнер тасымалын арттыру үшін 2027 жылға дейін Әзірбайжаннан сыйымдылығы 700 контейнер болатын екі кеме сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар порттарға баратын теміржол желісінің өткізу қабілетін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалардың жүзеге асуы Ақтау мен Құрық порттарының өткізу қабілетін 30 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Нұрлан Сауранбаев.

