CaspianLife, 21 қараша. Атырау облысының прокуратурасы «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында «TargetEye» бейнеаналитика жобасын жүзеге асыруда.
Атырау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, қоғамдық тәртіп жиі бұзылатын, тұрғындар көп жиналатын орындарға құқық қорғау органдарымен бірлесіп жасанды интеллект элементтері бар 75 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Бұл бейнебақылау жүйесі нақты уақыт режимінде құқық бұзушылықтар мен түрлі оқиғаларды тіркеп, іздеуде жүрген адамдарды, пробациялық бақылаудағы тұлғаларды, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды анықтап, ақпаратты дереу құқық қорғау органдарына жолдайды.
«Интеллектуалды жүйе енгізілгеннен бері іздеуде жүрген 52 адам, пробациялық бақылаудағы 126 тұлға және хабар-ошарсыз кеткен 3 азамат анықталды. Барлық фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, анықтау тиімділігі өткен жылмен салыстырғанда 61,5%-ға артқаны атап өтіледі. Камералар құқық бұзушылықтардың алдын алуға ғана емес, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етудің нақты құралына айналды.
Атырау облысының прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздікті нығайту бағытындағы шараларды жалғастыруда. Заманауи цифрлық технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға айтарлықтай үлес қосуда.

