Caspianlife, 20 қараша. Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат отырысында депутат Сұлтанбек Макежановтың бюджет шығыстарын оңтайландыру жөніндегі сұрағына жауап берді.
Үкімет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Олжас Бектенов алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджет қалыптастыру барысында базалық шығыстар 15%-дан 12%-ға дейін қысқартылғанын айтты. Дегенмен, әлеуметтік сала бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Премьер-министрдің айтуынша, әлеуметтік төлемдер мен түрлі қолдау шаралары мемлекеттік бюджет көлемінің шамамен 60%-ын құрайды.
«Республикалық бюджетте бұл шығындар ұзақ уақыт бойы 40%-дан жоғары болды. Үш жылдық бюджет қалыптастыру кезінде бұл көрсеткішті 38%-ға дейін төмендете алдық, бірақ әлеует әлі де көп. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Әлеуметтік қолдауды мемлекет тек объективті себептермен жұмыс істей алмайтын және өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға көрсетеді. Ал жұмыс істей алатын адам жұмыс істеуі керек. Мемлекет оны асырамауы тиіс және асырмайды», — деді Олжас Бектенов.

