CaspianLife, 19 қараша. Иранда «Каспий теңізі – достық пен өңірлік дамудың көпірі» атты Каспий маңындағы өңірлер басшыларының I халықаралық форумы өтті.
Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкиннің хабарлауынша, форумға Ресей, Әзербайжан, Қазақстан және Түрікменстан делегациялары қатысты. Ол бұл елдердің «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің негізгі буындары екенін атап өтті. Бұл дәліз қазіргі таңда Ресейді Таяу Шығыс, Азия және Африка мемлекеттерімен байланыстыратын ең маңызды сауда жолдарының бірі.
Оның айтуынша, іскерлік бағдарлама аясында Астраханның көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде өңірде кеме қатынасы жолдары, теңіз порттары, автомобиль және теміржол қатынастары, халықаралық әуежай біріктірілген. Астрахань кеме жасау саласы — Каспий маңы елдерінің флоты үшін үлкен мүмкіндік.
«Біздің өңір барлық Каспий маңы мемлекеттерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олардың үлесі сыртқы саудамыздың 70 пайызын құрайды. Ең ірі сыртқы сауда серіктесіміз – Иран. Өңірде ирандық капиталмен жұмыс істейтін 70-тен астам кәсіпорын бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Иранмен тауар айналымы 50 пайызға артты», — деді Астрахан облысының губернаторы.
Сонымен қатар, И.Бабушкиннің айтуынша, 2025 жылы Астрахань порттарына кірген кемелер саны 9 мыңға жеткен, оның ішінде 1 мыңнан астамы – ирандық тулар тағылған шетелдік кемелер. Астрахан облысы жүктерді қайта тиеу көлемін арттыра алады — порттардың қуаты жылына 16 млн тоннаға дейін жүк өңдеуге мүмкіндік береді.
«Гилян мен Мазандаран провинцияларының губернаторларымен, сондай-ақ «Энзели» АЭА басшылығымен өткен кездесулер ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады. Форум Астрахан облысының экономикасын дамытуға және Каспий маңы өңірлері арасындағы серіктестікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл тек сауда-экономикалық жобалар ғана емес, мәдениет пен білім беру салаларын қамтитын гуманитарлық бағыттарға да әсер етеді», — деп түйіндеді Игорь Бабушкин.

