Caspianlife, 17 қараша. Бүгін Батыс Қазақстан облысында (БҚО) Чапай – Жаңақала – Сайқұн бағытындағы аймақтық маңыздағы автожолдың 50-шақырымында жол-көлік оқиғасы болды.
БҚО Полиция департаментінің мәліметінше, Toyota Camry және Volkswagen Sharan автокөліктері соқтығысып, көліктердің бірі өртеніп кеткен. Оқиға салдарынан сегіз адам көз жұмып, тағы төртеуі ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала нұсқа бойынша, жүргізушілердің бірі қарсы бағытқа шығып кеткен болуы мүмкін.
Ресми ақпаратта «…ауа райы мен жолдың жағдайы қанағаттанарлық болды: көріну жақсы, қозғалысқа кедергі келтіретін сыртқы факторлар болмаған» деп көрсетілген.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері, жедел-тергеу тобы және Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады. Полиция көлік жүргізу ережелерін қатаң сақтауды, әсіресе жолаушылар тасымалдау кезінде қауіпсіздікке ерекше мән беруді ескертеді, себебі кез келген тәртіп бұзушылық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.

