CaspianLife, 10 қараша. Қазақстанда алғаш рет түйе сүтін автоматтандырылған технология арқылы сауатын цех іске қосылды. Ол Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Қызылсүйір ауылдық жерінде орналасқан.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба «Қарағантүбек» ЖШС тарапынан Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту және экологиялық таза өнім өндіру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылған.
Цех заманауи неміс жабдықтарымен толық қамтылған және түйе сүтін автоматтандырылған жүйе арқылы сауады. Кәсіпорын тәулігіне 400 тоннаға дейін түйе сүтін өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда 100 түйеден сүт алынып жатыр, ал болашақта түйе санын 2000 басқа дейін арттыру жоспарланған.
Сонымен қатар, нысан толықтай тазартылған ауыз сумен және жаңартылатын энергия көздерімен қамтамасыз етілген. Су 150 метр тереңдіктегі ұңғымадан алынып, сүзгіден өткізіледі. Ал қажетті электр энергиясы күн панельдері арқылы өндіріледі.
Жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылған, ал цех толық қуатына шыққаннан кейін 10 тұрақты қызметкер жұмыс істейтін болады.

