Caspianlife, 31 қазан. «Заң және тәртіп» жобасын іске асыру аясында Атырау облысының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған «Жастардың рухани иммунитеті — қоғам мен білім беру ұйымдарының ортақ жауапкершілігі» атты кең ауқымды форум ұйымдастырды.
Атырау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, форум бейнеконференция форматында өтіп, қаладағы барлық мектеп оқушыларын қоса алғанда, 14 мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Іс-шараға облыстық дін істері басқармасының, полиция департаментінің, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығы «Шапағаттың» және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумның мақсаты – рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, оң көзқарасты қалыптастыру, құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дамыту, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу.
«Форум қорытындысы бойынша оқушылар арасындағы қауіп тобына жататындарды анықтау үшін жасанды интеллект (ЖИ) элементтерін енгізу және түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде күшейту ұсынылды. Бұл жұмыс қалалық және өңірлік оқу орындарында жалғасын табады», — делінген прокуратураның хабарламасында.

