Caspianlife, 30 қазан. Атырауда қуаттылығы жылына 1,25 миллион тонна болатын полиэтилен өндіру зауытының құрылыс алаңында полимерлеу қондырғысын салу шеңберінде жер қазу жұмыстары басталды.
«Силлено» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл дайын өнім – полиэтилен өндіруге арналған екінші негізгі қондырғы болып табылады. Сондай-ақ жобаның EPC-мердігері ретінде италиялық Tecnimont S.p.A. және қытайлық SINOPEC Shanghai Engineering Co. консорциумы жұмыс істеп жатыр.
«Бірінші қондырғы — пиролиз қондырғысының құрылысы жалғасуда. Жобалау, сатып алу және құрылыс жұмыстарын қоса алғанда, пиролиз қондырғысы бойынша жалпы ілгерілеу 30%-дан асты. Қазір алаңда қадаларды қағу және іргетас құю жұмыстары жүргізілуде: 17 962 қададан 10 200-і қағылған, биылғы жылға жоспарланған 10 мың текше метр бетон жұмысының 5 300 текше метрі орындалды. Нысанда 775-тен астам адам мен 170 техника жұмыс істеп жатыр. Барлық жұмыстар қауіпсіздік пен сапа талаптарын сақтай отырып, кестеге сай жүргізілуде», — делінген хабарламада.

