CaspianLife, 29 қазан. 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап су және кәріз қызметтерінің көлемін есептеудің жаңа әдістемесі күшіне енеді. Әлеуметтік желілерде осыған байланысты қазақстандықтар көршілерінің есебінен судың ақысын артық төлейді деген ақпарат тарап жатыр.
Алайда Индустрия және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Бұл алаңдаушылықтар негізсіз. Қабылданған әдістеме жаңа төлем түрлерін енгізбейді және төлем мөлшерін ұлғайтпайды», — деп хабарлады ведомство.
Министрлік түсіндіргендей, құжат су арналарымен берілетін және әкетілетін судың көлемін анықтаудың бірыңғай ережелерін орнату үшін әзірленген. Бұрынғыдай төлем су есептегіштердің көрсеткіштері бойынша жүргізіледі — яғни тұтынушы мен су арнасының желілері арасындағы шекарадағы аспаптың деректері негізінде. Ал су есептегіш орнатылмаған жерлерде акиматтар бекіткен тұтыну нормасы қолданылады.
Көппәтерлі үйлер тұрғындары үшін де есептеу тәртібі өзгермейді. Егер үйде жалпы су есептегіш болса, бірақ кейбір пәтерлерде жеке есептегіштер орнатылмаған жағдайда, жалпы және жеке көрсеткіштер арасындағы айырма кондоминиум қатысушылары арасында пропорционалды түрде бөлінеді.
Министрліктің мәліметінше, бұл әдістеменің қабылдануы су мен кәріз қызметтері үшін төлемнің артуына әкелмейді.
«Әдістеме төлем принциптерін өзгертпейді. Ол тек жүйені барынша ашық етеді. Есептегіші бар адам тек өз тұтынған суы үшін төлейді, есептегіш жоқ болса — бекітілген норма бойынша төлейді. Жалпы және жеке есептегіштердің айырмашылығы — бұл үйдің ортақ қажеттілігі, ол қате немесе айып емес. Ешқандай жасырын есептеу болмайды. Мұндай есептеу тәртібі бұрыннан қолданылып келеді», — деді Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемкұлов.
Сонымен қатар, әдістеме пәтер иелері үшін ештеңені өзгертпейді: ол тек бұрыннан бар тәжірибені заңдастырады және барлық өңірлер үшін бірыңғай әрі түсінікті етеді.
«Суға төлемақы өспейді», — деп кепілдік берді министрлік.

