Caspianlife, 22 қазан. Сотқа жүгінуге себеп – салық органы кәсіпкерді «күмәнді операциялар жасады» деп айыптап, заңбұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындалмаған деп танығаны және электронды шот-фактура (ЭШФ) жазу құқығын шектегені болды.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (МАӘС) хабарлауынша, осының салдарынан жеке кәсіпкер іс жүзінде өз қызметін жүргізе алмаған.
«Алайда сот барысында кәсіпкердің салық кодексінің 96-бабына сәйкес барлық қажетті түсіндірмелер мен дәлелдейтін құжаттарды уақытылы жолдағаны анықталды. Сот салық қызметкерлерінің мәмілелердің жалған екені туралы тұжырымдарын растайтын айғақтар келтірмегенін анықтады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот салық органы болжамға сүйеніп, бизнестің қызметін шектеуге құқылы емес екенін, ал шаруашылық операциялардың шынайылығын тексеру тек салықтық тексеріс аясында ғана жүргізілуі мүмкін екенін атап өтті.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот:
— салық органының 2025 жылғы 26 және 27 мамырда шығарған екі шешімін жойды;
— кәсіпкерге 39 320 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік бажды қайтаруға қаулы етті;
— шешім заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде оны орындауды міндеттеді.
Осылайша, сот салық төлеушінің негізсіз шектеулерден қорғалуға деген құқығын растады және камеральдық бақылау жүргізу кезінде заңдылықты қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.