Caspianlife, 10 қазан. Қыркүйек айында «Enbek.kz» электронды еңбек биржасында (ЭЕБ) 138,2 мың бос жұмыс орны және 130,6 мың түйіндеме жарияланды. Осылайша, тамыз айымен салыстырғанда жұмыс күшіне сұраныс 42,4%-ға (-101,6 мың) қысқарса, ұсыныс небәрі 5,7%-ға (-7,9 мың) төмендеген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) баспасөз қызметі хабарлағандай, жарияланған әрбір екінші бос орын жұмысшы мамандықтарына арналған.
«Ең белсенді сала қайтадан білім беру болды – барлық бос орындардың 40%-ы (55 мыңнан астам) осы бағытқа тиесілі. Сонымен қатар, 16,3 мың бос орын (≈12%) “басқа қызмет түрлері” саласында, ал 10 мыңға жуық бос орын (≈7%) денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында орналастырылған. Жалпы сұраныс ұсыныстан 7,6 мыңға артық болды», – делінген хабарламада.
Қыркүйекте ең көп сұраныс орта білікті қызметкерлерге (57 мың бос орын) түсті. Одан кейін жоғары білікті мамандарға (49 мың), ал ең аз сұраныс біліктілігі жоқ жұмысшыларға (32,2 мың) болған.
Ұсыныс жағынан жоғары білікті үміткерлер басым болды – 55,4 мың түйіндеме. Одан кейін орта біліктілер (47,7 мың) және біліктілігі жоқтар (27,5 мың). Яғни, жұмыс берушілер көбіне орта білікті кадрларды іздесе, үміткерлер арасында жоғары білікті мамандар басым болған.
Бос жұмыс орындарын ең белсенді жариялаған өңірлер – Астана (11,4 мың), Алматы (10,2 мың) және Павлодар облысы (9,4 мың). Ал түйіндеме жағынан дәстүрлі түрде оңтүстік аймақтар алда: Түркістан облысы – 15,7 мың, Шымкент – 9 мың, Қызылорда облысы – 8,5 мың түйіндеме.
Қыркүйектегі барлық бос орындардың жартысы (68 мың) жұмысшы мамандықтарына тиесілі болды, оның ішінде 39%-ын (26,3 мың) нақты сектор кәсіпорындары жариялаған.
Жұмысшы мамандықтарының ішінде ең көп сұраныс өндіріс саласындағы қызметкерлерге (23,5 мың), көлік және логистика (5,9 мың), сондай-ақ білім беру және тәрбиелеу саласына (4,4 мың) түсті.
Нақты мамандықтар бойынша ең жоғары сұраныс автокөлік жүргізушілеріне (2 мың бос орын), тәрбиеші көмекшілеріне (1,8 мың) және санитарлар мен санитаркаларға (1,7 мың) болды.
Жас ерекшелігі бойынша әрбір екінші түйіндеме 34 жасқа дейінгі азаматтардан түскен (63,8 мың). Олардың ішінде ең белсенді топ – 16-24 жас аралығындағы жастар (28 мың). Әрбір төртінші түйіндеме орта жастағы (35-44 жас) азаматтарға тиесілі (33 мың). Тағы 17% (22,5 мың) – 45-54 жас аралығындағы, ал зейнет жасына таяған үміткерлердің үлесі – 9% (11,3 мың). Гендерлік тұрғыда әйелдер белсендірек болған – түйіндемелердің 59%-ын әйелдер орналастырған. Олардың әр екіншісі жоғары білікті жұмысқа үміткер болған.
Қыркүйекте жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақылар төмендегідей болды:
— бас құрылысшы – шамамен 705 мың теңге,
— шахта бұрғылау қондырғысының машинисі – 700 мың теңге,
— кен өндіру саласындағы учаске бастығының орынбасары – 681 мың теңге.
Ал үміткерлердің ең жоғары жалақы күтуі мына лауазымдарға тиесілі болды:
— коммерциялық әуе лайнерінің ұшқышы – 2,8 млн теңге,
— IT саласындағы техникалық директор – 1,4 млн теңге,
— құрылыс бөлімінің бастығы – 1,2 млн теңге.
«Осылайша, қыркүйекте еңбек нарығындағы маусымдық сұраныс сақталды: білім беру мен тәрбиелеу саласы әлі де алдыңғы қатарда. Өңірлердегі демографиялық айырмашылықтар сұраныс пен ұсыныс арақатынасын анықтауда маңызды рөл атқарып отыр. Бос жұмыс орындарының жартысының жұмысшы мамандықтарына тиесілі болуы олардың елдегі еңбек құрылымындағы негізгі орнын айқындайды», — деп түйіндеді ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.