CaspianLife, 30 қыркүйек. Жаңа Салық кодексінде арнайы салық режимдерін оңтайландыру көзделген. Негізгі мақсат – салық жүйесін азаматтар мен бизнеске барынша қарапайым, қолайлы және қолжетімді ету.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) негізгі өзгерістерді атап өтті:
— қайталануды болдырмау үшін режимдерді қысқарту және біріктіру;
— өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим енгізу;
— шағын және орта бизнес үшін жағдайды жақсарту;
— аграрлық секторға арналған қолданыстағы салықтық жеңілдіктерді сақтау.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі (АСР) енгізіледі. Ол азаматтардың табысын заңдастыруға және салықтық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді:
— жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелу талап етілмейді;
— табыс салығының мөлшерлемесі – 0%;
— тек әлеуметтік төлемдер – табыстан 4%;
— міндеттемелерді ыңғайлы орындау – мобильді қосымша арқылы;
— интернет-платформалар арқылы табыс алатындар үшін әлеуметтік төлемдерді ұстау және аударуды операторлар жүзеге асырады.
Шағын және орта бизнес үшін
Жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР сақталады, бірақ жақсартылған шарттармен:
— табыс шегі 2,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды;
— жұмысшылар санына шектеу жоқ;
— бірыңғай салық мөлшерлемесі – 4% (мәслихаттар 2%-ға азайта немесе көбейте алады);
— ҚҚС пен әлеуметтік салықтан босатылады;
— есептілік жылына екі рет тапсырылады.
Аграрлық сектор үшін
Бірыңғай жер салығының күшін жоюға байланысты шаруашылық немесе фермер қожалықтары бұрынғы шарттармен және мөлшерлемелермен жеке табыс салығын төлейтін болады.
АСР қолданатын субъектілер үшін жекелеген салықтар бойынша 70% жеңілдік сақталады және ол жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жүргізіледі.
«Осылайша, жаңа Салық кодексінде режимдерді қолдануда міндеттемелерді орындаудың ашық әрі қарапайым ережелері жасалды, бизнеске түсетін жүктеме азайтылды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қолдау тетіктері енгізілді, аграршылар үшін қолданыстағы жеңілдіктер сақталды», — деп атап өтілген ҚР ҚМ МКК түсіндірмесінде.