CaspianLife, 28 тамыз. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Іс-шараны Орталық Азия франчайзинг қауымдастығы (ОАФҚ) «Атамекен» ҰКП және Respublica партиясының қолдауымен ұйымдастырды.
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаеваның айтуынша, бұл кездесу республика бойынша өткізілетін турдың бір бөлігі болып табылады. Оның мақсаты – қазақстандық кәсіпкерлерге франчайзинг арқылы өсудің нақты мүмкіндіктерін көрсету. Бағдарлама бизнес диагностикасын, масштабтау кезіндегі қателерді талдауды және әлеуетті инвесторлармен кездесулерді қамтыды. Қатысушылар пайдалы кеңестер алып, франчайзингтің табысты арттырумен қатар компанияны халықаралық деңгейге шығара алатынын білді.
«Франчайзинг – кәсіпкерліктегі маңызды бағыт. Жергілікті бизнестің жаңа деңгейге шығуы үшін кәсіпкерлерді осы модельмен жұмыс істеуге үйрету қажет. Бүгінгі іс-шара осы жұмыста айтарлықтай үлес қосады деп ойлаймын», — деді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.
Спикерлер қатарында саланың жетекші мамандары сөз сөйледі: ОАФҚ төрайымы, «Lanzhou» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина және ОАФҚ төрағасының орынбасары, FranchDay компаниясының жетекшісі Сейсенғали Қалиақпаров.
«Франчайзинг – қаржылық олқылықтарды жабудың амалы емес, табысты бизнес-модельдерді қайталау құралы. Бренді мықты, өнімі сапалы кәсіпкерлер бар, бірақ оны дұрыс масштабтауды білмейтіндер көп. Біз осы білімімізбен және тәжірибемізбен бөліскіміз келеді», — деп атап өтті өз сөзінде Гүлбану Майғарина.
Кездесуде ерекше назар «KazBrand» байқауына аударылды. Ол тур аясында өткізіліп жатыр. Кәсіпкерлер үшін бұл – құны 7 млн теңгеден басталатын дайын франшизаны тегін алу, бір жылдық сараптамалық қолдау, даму стратегиясы мен ілгерілетуге көмекке ие болудың бірегей мүмкіндігі. Байқауға өтінім қабылдау 5 қыркүйекке дейін жалғасады.
«KazBrand байқауы – жаңа бастаған немесе жұмыс істеп жүрген, сапалы өнімі бар, бірақ жаңа деңгейге шығуды білмейтін кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Әсіресе 20 кәсіпкердің бірден тегін қолдау алатыны қуантады», — деді қатысушы Гүлназ Каримжан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен бұл шара аймақтық бизнеске франчайзингті тұрақты дамудың бір тетігі ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.