Caspianlife, 20 тамыз. Атырау облысының Жылыой аудандық сотында азамат А.-ға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық ісі қаралды. Ол қоғамдық тәртіпті, ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға жағдай жасайтын жалған ақпаратты онлайн-платформаларда орналастырғаны үшін (ӘҚБтК-нің 456-2-бабы, 5-бөлігі) айыпталған болатын.
Жылыой аудандық сотының хабарлауынша, істі қарау барысында азамат А. «… әлеуметтік желі Instagram-да Құлсары қаласындағы жол жөндеу жұмыстарына қатысты аудан әкімдігіне наразылық білдірген пост жариялағаны» анықталды (Жылыой ауданының әкімшілік орталығы – Құлсары қаласы – CaspianLife ескертпесі).
Сот материалдарына сәйкес, азамат А. өз жазбасында:
«Қордың қаражаты қайда кетіп жатыр? Сапа қайда? Қыста салынған жолды қайтадан қазып, жөндеп жатырсыңдар» деп жазған.
Сотта азамат А. хаттамамен келіспейтінін айтып, кінәсін мойындамады. Ол өзінің жазбасымен мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін жалған ақпарат таратуды мақсат етпегенін, тек қана өз пікірін білдіргісі келгенін атап өтті. Сондай-ақ, ол өзін ресми түрде инфлюенсер (блогер) ретінде тіркетпегенін айтты.
«Сот іс материалдарын қарап, ӘҚБтК-нің 456-2-бабы, 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз жоқ деген қорытындыға келді, өйткені ол өз азаматтық құқығын жүзеге асырған», — делінген соттың баспасөз хабарламасында.
Нақтылай айтқанда, сот қаулысымен азамат А.-ға қатысты ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 5-бөлігі бойынша қозғалған әкімшілік құқықбұзушылық іс оның әрекеттерінде құқықбұзушылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
(Жылыой аудандық сотының ақпараты бойынша)