CaspianLife, 18 тамыз. Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі межрайондық соты «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманың талаптарын бұзғанын анықтады.
Бұл шешімге ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу нәтижелері негіз болды. Тергеу барысында компания сұйытылған мұнай газы (СМГ) нарығындағы үстем жағдайын пайдаланып, әріптестеріне экономикалық және техникалық тұрғыдан тиімсіз шарттарды мәжбүрлеп енгізгені анықталды.
БҚДА хабарлауынша, СМГ жеткізу келісімшарттарында төлем мерзімі үш банктік күннен аспауы тиіс деп көрсетілген. Бұл қолданыстағы нормаларға қайшы, себебі заң бойынша төлем бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылуы мүмкін. Қатаң шарттармен келіспеген контрагенттер жеткізілімге қол жеткізе алмады.
Сонымен қатар қосымша келісімдерде негізсіз талаптар болған: автоцистерналар геометриялық көлемінің тек 85%-ына дейін ғана толтырылуы тиіс. Нарық қатысушыларының пікірінше, бұл логистикалық қиындықтар туғызып, жөнелту көлемін жасанды түрде шектеп, компания серіктестерін әдейі тиімсіз жағдайға қойды.
Тергеу барысында сондай-ақ «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ техникалық мүмкіндіктері бола тұра, автокөлікпен жеткізілетін СМГ өндірісін негізсіз шектегені анықталды. Бұл өз кезегінде нарықтың басқа қатысушыларының құқықтарын бұзған.
«Антимонополиялық органның барлық қорытындылары сотта расталды. Нәтижесінде компанияға 36 752 688 теңге көлемінде айыппұл салынды», – деп атап өтті БҚДА баспасөз қызметі.
Антимонополиялық органның нұсқамасы бойынша «СНПС Ақтөбемұнайгаз» бұзушылықтарды жою шараларын қабылдады: сұйытылған газдың орташа тәуліктік өндірісі 114 тоннаға дейін артты, ал тамыз айында автокөлікпен жөнелтілген көлем 3 532 тоннаны құрады.