CaspianLife, 6 тамыз. «KMG PetroChem» ЖШС Қазақстанда газ-сепарациялық кешен (ГСК) салу үшін италиялық Tecnimont S.p.A. және ливандық Consolidated Contractors International Company (CCIC) консорциумымен EPC-шарт (инжиниринг, сатып алу, құрылыс) жасасты.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, EPC-шарт аясында қуаттылығы жылына 9,1 млрд м³ құрғақ газ өңдейтін «кілтке тапсырылатын» газ-сепарациялық кешеннің жобалау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және құрылысы қарастырылған.
«Бұл — елімізде бұрын-соңды мұндай ауқымдағы кешендер салынбаған бірегей жоба. Ол Теңіз кен орнында салынады», – делінген хабарламада.
ГСК жобасы «Силлено» ЖШС-нің полиэтилен зауытын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен, сондай-ақ 360 мың тоннаға дейін пропанмен қамтамасыз ету үшін қажет шикізатты өндіруге бағытталған. Бұл компоненттер «Теңізшевройл» (ТШО) жеткізетін құрғақ тазартылған газдан бөлініп алынады.
Сондай-ақ, 2025 жылғы мамырда басталған алғашқы құрылыс-инжинирингтік жұмыстар жобаның мерзімінде жүзеге асуын қамтамасыз ететін маңызды кезең екені айтылған.
Жоба жүзеге асқан соң, Қазақстанның мұнай-газ химиясын дамытуға тұрақты шикізат базасы қалыптасып, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығарылады. Сонымен қатар, жергілікті қамтуды дамытуға, атап айтқанда отандық компанияларды жұмысқа тарту, қызмет көрсету мен тауар жеткізуге қатыстыруға ерекше назар аударылады.
Одан бөлек, келісімшарт бойынша қазақстандық мамандарды даярлау және біліктілігін арттыруға арналған кешенді бағдарлама көзделген. Бұл мамандар кейін кешенді пайдалану мен техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады.
Анықтама ретінде:
-
«KMG PetroChem» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100% еншілес компаниясы, топтың мұнай-газ химия жобаларын үйлестіреді.
-
Tecnimont S.p.A. – Maire Group-тың еншілес компаниясы, өңдеу саласына арналған инжиниринг бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі.
-
Consolidated Contractors International Company (CCIC) – 1952 жылы құрылған, мұнай-газ, мұнай-химия және инфрақұрылымдық салалардағы ірі EPC жобаларға маманданған халықаралық компания.