CaspianLife, 1 тамыз. Бұл туралы баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, Түркия Республикасымен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың дамуы туралы айтты.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының Түркияға жасаған ресми сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Turkish Petroleum» компаниясы арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылған. Құжат аясында тараптар Түркия компаниясының Қазақстандағы мұнай-газ кен орындарын игеруге қатысу мүмкіндігін, инвестицияға қолайлы учаскелер мен шарттарды талқылап жатыр.
«Қазіргі уақытта екі компания кеңес өткізіп, кен орындарын зерттеуде және Turkish Petroleum компаниясының Қазақстанда қандай шарттармен жұмыс бастай алатынын бағалауда», — деді министр.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Түркия Республикасының Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі арасында мұнай-газ саласын ғана емес, жаңартылатын энергия көздері мен электр энергетикасы саласындағы жобаларды дамыту мәселелерін де қамтитын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қол қойылған келісімдер тараптардың энергетикалық әріптестікті тереңдетуге деген жоғары сенімі мен стратегиялық қызығушылығын көрсетеді.
(ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша)