Маңғыстау облысына оттегі концентраторларының тағы бір легі келді. 15 құрылғыны қос қайырымдылық қордың өкілдері сатып алған. Ал қаражатты қамқор қазақстандықтар жинап берді.
Тыныс алу аппараттары ұшақпен жеткізілген. Оларды Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері күтіп алып, тиісті орындарға табыстауда. Мұның бәрі Ақтау, Жаңаөзен қалаларындағы және облыстың барлық ауданындағы 6 медициналық мекемеге жіберіледі.
Аманат МАХМҰТОВ, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
– Келген концентраторларды өңірдегі ауруханаларға бөліп береміз. Қазір осы 15 құрылғыны облыстық ауруханаға тапсырамыз. Олар оның екеуін Түпқараған ауданына, үшеуін Қарақия ауданына, Жаңаөзен қаласына екеуі және Маңғыстау ауданындағы ауруханаға үшеуі беріледі. Осы апараттардың көмегімен ауыр жағдайда жатқан науқастардың өміріне араша боламыз деп үміттенемін.
Раушан НҰРЛЫМБАЕВА, Қарақия аудандық орталық ауруханасының бас мейірбикесі:– Біздің аурухананың атынан зор алғыс білдіремін. Бізде 50 орындық провизор орталығы бар. Қазір жағдайдың оңай емес екенін білесіздер. Бізде бұрыннан 6 оттегі консентраторы бар еді. Оған тағы үшеуі қосалатын болды. Бұл бізге үлкен көмек болады.
Осы қайырымдылық қорлары Маңғыстау облысына бұған дейін де бес тыныс алу құрылғысын жіберген еді.