CaspianLife, 28 шілде. ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарындағы 2025–2026 оқу жылының басталу, ұзақтығы және каникул кезеңдерінің мерзімдерін белгіледі.
Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, оқу процесі 2 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады. Білім күніне арналған салтанатты жиынның күні мен уақыты мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен анықталады.
Бірінші тоқсанда оқу сегіз аптаға созылады. Күзгі каникул 27 қазаннан 2 қарашаға дейін, яғни жеті күнге жалғасады.
Екінші тоқсан – сегіз апта. Қысқы каникул 2025 жылғы 29 желтоқсаннан 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін он күнге созылады.
Бірінші сынып оқушылары үшін қосымша демалыс 2026 жылғы 9–15 ақпан аралығында, жеті күн болады.
Үшінші тоқсан он аптаға созылады. Көктемгі каникул 2026 жылғы 19–29 наурыз аралығында он бір күнге созылады.
Төртінші тоқсан сегіз аптаға созылып, 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады.