CaspianLife, 11 шілде. Атырау облысында шілде айында ауа райы климаттық нормадан жоғары болады деп болжануда. «Қазгидрометтің» Атырау облысындағы филиалына сілтеме жасаған Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, ауа температурасы +43°С-қа дейін жетуі мүмкін.
«Қазгидромет» Атырау филиалының ауа райын болжау бөлімінің басшысы Айна Қазғұлованың айтуынша, шілде айындағы орташа температура +26,9°С пен +29,1°С аралығында болады, бұл көпжылдық көрсеткіштерден шамамен бір градусқа жоғары.
«Шілденің екінші және үшінші онкүндігінде ауа температурасы күрт көтеріледі. Күндізгі температура +38 — +43°С-қа дейін жетсе, түнгі уақытта да ауа салқындамайды — +22…+27°С шамасында болады», — деді маман.
Дәрігерлер қатты ыстықта әсіресе балалар, қарттар және созылмалы аурулары бар адамдардың денсаулығы үшін қауіп жоғары екенін ескертеді.
«Аптап ыстық адамды тез шаршатады, қан қысымының көтерілуіне, жүрек пен қан тамырлары жұмысының нашарлауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға көлеңкеде жүруге, бас киім киюге, су көбірек ішуге кеңес береміз. Ал ең ыстық мезгіл — сағат 11:00 мен 17:00 аралығында күн астында жүрмеген дұрыс», — деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас терапевті Мейіргүл Кенжегалиева.
Мамандар тұрғындарға ауа райына қатысты ресми ақпаратты бақылап, аптап ыстық кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.