CaspianLife, 9 шілде. Каспий аймақтық балық шаруашылығы және су биоресурстарын сақтау жөніндегі басты бассейндік басқармасының балық өсірушілері бекіре тұқымдас балықтардың 26 миллион шабағын өсірді. Осылайша, мемлекеттік тапсырманы орындау бойынша рекорд орнатылды.
Бұл туралы Ресей Федерациясының Балық шаруашылығы жөніндегі федералдық агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламада нақты көрсетілгендей, табиғи ортаға 1,7 миллионнан астам бекіре шабағы жіберілген. Бұл мемлекеттік тапсырманың 500%-дан астамын құрайды. Сонымен қатар, 200 мыңнан астам шоқыр шабағы жіберіліп, бұл да жоспардан 500%-ға артық орындалды. Ал 24,1 миллионнан астам орыс бекіресі табиғи ортаға жіберіліп, жоспар 108%-ға асыра орындалған.
Құнды балық түрлерін қолдан көбейту олардың популяциясын сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған. Бекіре тұқымдас балықтар Каспий теңізі экожүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Салалық ғылымның ұсыныстарына сәйкес, Росрыболовствоға қарасты «Главрыбвод» мекемесінің мамандары «патша балығының» қорын көбейтуге өз үлесін қосуда. Бұл жұмыс Каспий маңы елдерімен бірлесе атқарылып жатыр.
«Құнды балық түрлерінің шабақтарын табиғи ортаға жіберу жұмыстары жалғасуда. Шілде айында су айдындарына шаруашылық қызмет салдарынан келген залалды өтеу аясында тағы шамамен 870 мың шабақ жіберу жоспарлануда», – делінген Росрыболовствоның біріктірілген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.