Caspianlife, 24 маусым. Бүгін ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ (ҚМГ) және CNOOC Hong Kong Holding Limited (CNOOC Limited еншілес компаниясы) Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің транзиттік аймағында орналасқан «Жылыой» кешенді жобасы аясында көмірсутектерді барлау және өндіру туралы келісімшартқа қол қойды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, құжатқа ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, ҚМГ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Исқазиев және CNOOC Hong Kong Holding Limited атынан CNOOC Limited вице-президенті Лю Юнцзе қол қойған.
«Бұл оқиға Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды кезеңіне айналып отыр. Қытайдың ірі компаниясы — CNOOC Қазақстанға алғаш рет инвестиция салып, геологиялық барлау жобасынан бастамақ. Әріптестік «Жылыой» жобасын 50/50 негізде бірлесіп іске асыруды көздейді, ал барлау кезеңін қаржыландыруды CNOOC қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.
Жоспарланған геологиялық барлау жұмыстарының ең төменгі жұмыс бағдарламасына мыналар кіреді:
-
3D сейсмикалықбарлау (400 шаршы км алаңда дала жұмыстары, өңдеу және интерпретация);
-
2D тарихи деректерді қайта өңдеу (400 желілік км);
-
2 000 м тереңдікте бір тұзүсті барлау ұңғымасын бұрғылау (тәуелсіз кезең);
-
3D сейсмикалықбарлау нәтижесіне қарай 4 500 м тереңдікте бір тұзасты барлау ұңғымасын бұрғылау (тәуелді кезең).
Анықтама:
CNOOC (China National Offshore Oil Corporation) — әлемдік деңгейдегі мұнай-газ компаниясы, негізгі қызметі — барлау және өндіру. Компания халықаралық әріптестермен тығыз жұмыс істеп, 20-дан астам елде ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.