CaspianLife, 20 маусым. Ақтөбе қаласында 64 жастағы тұрғын 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырағаны мойындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылды. Бұл туралы Ақтөбе қалалық №3 соты хабарлады.
Жергілікті тұрғын 1984 жылы Гурьев облыстық партия комитеті мен Мақат локомотив депосының кәсіподақ комитеті жолдамасымен Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне оқуға түседі. 1985 жылы университеттің философия және экономика факультетінің студенті атанған. Алайда, 1986 жылы Алматыда орын алған Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін қоғамдық тәртіпті бұзды деген желеумен оқуынан шығарылып, кейіннен Коммунистік партия қатарынан да шығарылған.
Оқуынан қуылған азамат ұзақ жылдар бойы жұмысқа тұра алмай, отбасымен бірге жалдамалы пәтерлерде тұруға мәжбүр болған. Сол кезде үш баланы тәрбиелеп отырған отбасы әлеуметтік жағынан осал санатқа жатқызылған. Оның жұбайы да университеттің философия факультетін тәмамдағанымен, күйеуінің саяси беделсіздігі себепті тұрақты жұмысқа орналаса алмаған.
«2025 жылы азамат Желтоқсан оқиғасына қатысқанына байланысты саяси қуғын-сүргін фактісін тану туралы сотқа жүгінді. Істі қараған Ақтөбе қалалық №3 соты архивтік анықтамалар мен куәгерлердің айғақтарына сүйене отырып, арызданушының 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, заңсыз қуғынға ұшырағанын растады»,-делінген хабарламада.
Сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 306-бабына және «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның 2-бабына сүйене отырып, азаматты ресми түрде саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды. Бұл шешім заңды күшіне енді.