CaspianLife, 17 маусым. Қазақстанның теңіз астанасы – Ақтау қаласында Қазақстан мен Әзербайжан әскери-теңіз күштерінің бірлескен «Каспий самалы – 2025» оқу-жаттығуларының ашылу салтанаты өтті.
Қазақстан Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шараға екі елдің әскери қолбасшылығы мен теңізшілері қатысты. Дәстүрге сай іс-шара екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындаумен және туларының көтерілуімен басталды.
Әскери контингенттерді Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы, бірінші ранг капитаны Қанат Ниязбеков және Әзербайжан Әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, бірінші ранг капитаны Теймур Муршудов қарсы алды.
Бірлескен оқу-жаттығулар теңіздегі экономикалық нысандардың, әскери-теңіз күштері орналасқан пункттердің және кеме қатынасының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бірінші ранг капитаны Қанат Ниязбековтің айтуынша, бұл жаттығулар екіжақты әріптестікті нығайтып, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Шара шағын футбол, қол күресі, арқан тарту және жүзу бойынша жарыстармен аяқталып, қос елдің теңізшілері арасындағы ынтымақтастықты күшейтті.