Caspianlife, 16 маусым. Бүгін Атырау қаласының іргесіндегі Еркінқала ауылынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жанған қамыстың өрті оқшауланды.
Еске салайық, өрт өткен жұма, 13 маусым күні күндіз басталған болатын. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстары «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағымен, су төгетін құрылғының көмегімен жүргізілді.
«Қазіргі уақытта бір ошақта ауданы 7 га болатын аумақта қамыс бықсуда. Өртті сөндіруге ТЖД және «Ақ Жайық» МТР күштері мен құралдары, жалпы саны 80 адам, 23 техника жұмылдырылды. Сөндіру жұмыстары жалғасуда», — делінген ТЖМ хабарламасында.