Caspianlife, 26 мамыр. Бүгін «Атырау» футбол клубы командада бас бапкер ауысқанын хабарлады.
«Атырау» ФК баспасөз қызметінің мәліметінше, команданың жаңа бас бапкері болып 43 жастағы қазақстандық маман Денис Мамонов тағайындалды. Ол Павлодар қаласында дүниеге келген, футболшы ретінде (қорғаушы/жартылай қорғаушы) «Жетісу», «Шығыс», «Тараз» және «Есіл-Богатырь» клубтарында ойнаған. Бапкерлік қызметін Алматының «Қайрат», Талдықорғанның «Жетісу», сондай-ақ «Мақтаарал» және «Ақсу» клубтарында атқарған.
«Қазіргі таңда Денис Николаевич Қазақстанның 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып табылады. Маусым айының басында “Атырауға” қайта оралған Мамонов бұрынғы бас бапкер Константин Горовенконың көмекшісі болған», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, наурыз айында «Атырау» футбол клубы жаңа маусымды Константин Горовенконың жетекшілігімен бастаған болатын. Оның басшылығымен команда алты ойын өткізіп, бір ғана жеңіске жетіп, бес рет жеңілген. Сол кезеңде команда чемпионатта ең көп гол жіберген ұжым болды – 5 гол соғып, 17 гол жіберген. Кейін, 23 сәуірде оны Қуаныш Қабдолов алмастырды. Алайда бір ай ішінде нәтиже өзгерген жоқ – команда жеңілістерін жалғастырып, турнирлік кестеде соңғы орында қалып қойды.
Бүгін Денис Мамонов бас бапкер болып тағайындалды. Ал енді не болмақ? Кейін тағы кім келеді?..