CaspianLife, 21 мамыр. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Sax Invest» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Агенттіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, компания өзін инвестициялық қор, құнды қағаздар, қаржы құралдары мен өзге де активтердің иесі, сондай-ақ Африкада алмас өндіру бойынша халықаралық жаһандық жобаның қатысушысы ретінде таныстырған.
Нәтижесінде ұйымдастырушылар мыңнан астам салымшыдан 9 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз тартқан. Тергеу барысында қаражаттың көп бөлігі компанияның емес, пирамиданың ұйымдастырушысы Мендығалиевтің жеке шотына тұрақты түрде аударылып отырғаны анықталды.
Хабарламада нақтыланғандай, бұл ақша кейін келесі жеке мақсаттарға жұмсалған:
– казинодағы құмар ойындарға – 2 млрд теңге,
– «Блайсико» компаниясындағы үлесті сатып алуға – 28 млн теңге,
– Атырау қаласынан екі пәтер сатып алуға – 70 млн теңге,
– Атыраудағы жеке үй құрылысын салуға – 120 млн теңге,
– шетелде демалуға – 377 млн теңге,
– қызының Лондонда оқуына – 53 млн теңге.
2023 жылдың басында Мендығалиев қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында 143 салымшымен 1,2 млрд теңгеден астам залалды өтеу туралы медиациялық келісім жасаған. Сонымен қатар, ол 2023 жылдың соңына дейін 7 млрд теңге сомасына мыңнан астам салымшыға қаражатты қайтару туралы кепілдік міндеттемелерін берген. Алайда, бұл қаражат салымшыларға қайтарылмаған. 2024 жылдың қараша айында Мендығалиевке халықаралық іздеу жарияланды.
Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 600 млн теңге болатын мүлкіне: 4 пәтер, 2 жеке үй, 2 автокөлік, 10 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтер, сондай-ақ «ForteBank» пен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның құнды қағаздарына тыйым салынды.
Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларындағы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарған 10 адам күдікті ретінде танылды. Олардың жетеуіне қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.