CaspianLife, 8 мамыр. Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында абаттандыру және ағымдық жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Саябақ 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында тұрғындар мен қонақтар үшін есігін қайта ашады. Бұл туралы Өңірлік коммунакациялар қызметі хабарлады.
Жұмыстар барысында төсемтастар ауыстырылып, жиек тастар жаңартылды. Демалушыларға арналған орындықтардың жаңасы орнатылды. Жарықтандыру жүйесі жаңғыртылып, LED шамдар қойылды, жарық бағаналары сырланып, электр сымдары алмастырылды. Әскери техникаларға арнайы жарық көздері қойылды.
Сонымен қатар орталық қақпа сырланып, әскери техникалар қайта қалпына келтірілді. Батырларға арналған ескерткіштер нығайтылып, бекітілді. Саябақ аумағында жаңа Мәңгілік алау орнатылды.
Жөндеу кезінде уақытша жабылған саябақ келушілер үшін қолайлы әрі көрікті демалыс орнына айналып отыр.
Айта кетейік, Жеңіс саябағының жалпы аумағы 45 400 шаршы метрді құрайды.