CaspianLife, 30 сәуір. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы 21 сәуірде Атырау қаласының №2 соты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Қоспанов Д.-ға қатысты үкім шығарды.
Ол Олимпиадалық резерв дайындау орталығының аға жаттықтырушысы Майлашев Н.-нан оқу-жаттығу жиындарына бюджет есебінен шығуға жәрдем көрсеткені үшін 1,7 миллион теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сондай-ақ, Қоспанов Д. жаттықтырушылардан заңсыз түрде 2,4 миллион теңге жинау арқылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп танылды. Бұдан бөлек, ол еңбек қызметін фактілі түрде атқармаған адамдарға заңсыз жалақы тағайындау арқылы 1,1 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырған.
«Қоспанов 4 жылға, ал Майлашев 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, екеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте, судья және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым атқару құқығынан айырылды», — деп нақтылады Антикор өкілі.