Caspianlife, 30 сәуір. Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдық мерейтойына орай бұрын-соңды жарияланбаған фотосуреттер мен ерекше мәліметтерді қамтитын жаңа кітап жарыққа шығуға дайындалуда. Бұл басылым зауыттың өткені мен бүгінгі өміріне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, кітапта мұрағаттық құжаттар негізінде анықталған аз белгілі фактілерге ерекше көңіл бөлінген. Онда зауыттың құрылысына қатысқан қазақстандықтар туралы егжей-тегжейлі баяндалады. Сонымен қатар, өндірісте аянбай еңбек еткен ержүрек әйелдер мен басқа да қызметкерлер жайлы деректер жинақталған.
«Кітап энциклопедиялық сипатта емес. Мәтін барынша ықшам, бірақ мазмұнды. Өндіріс рухын тереңірек жеткізу үшін кітапқа зауыт ардагерлерінің, білікті мамандардың және серіктестердің сұхбаттарынан негізгі үзінділер енеді. Басылымда фотоматериалдарға баса назар аударылған — кітаптың 80 пайызын бұрын еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреттер құрайды. Олар Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Алматыдағы Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік архивінің қорларынан жинақталған. Сондай-ақ, кәсіпорынды жаңғыртуға түрлі жылдары үлес қосқан ардагерлер мен мамандардың жеке мұрағаттарынан алынған материалдар пайдаланылған. Кәсіпорын ардагерлерінің отбасылық мұрағаттарынан алынған құнды мәліметтер мен сирек фотосуреттер де бар», — делінген кітаптың аннотациясында.
Бұдан бөлек, кітапта бүгінде зауытты дамытып, оның тұрақты дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлерге арналған жеке тарау болады. Қазіргі уақытта арнайы құрылған редакциялық алқа бұрын құпияланған құжаттарды қамтитын мұрағаттық қорлармен жұмыс жүргізіп жатыр. Кітаптың 90 пайызы дайын, ол 1 мың дана таралыммен тамыз айында жарық көреді. Қыркүйек айында өтетін салтанатты шарада кең жұртшылыққа ресми түрде таныстырылмақ.