CaspianLife, 22 сәуір. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Антикор) қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
ANTIKOR Telegram арнасының хабарлауынша, Маңғыстау облысының Мұнайлы аудандық сотының үкімімен Ақтау қалалық сотының төрағасы Шайдуллин Б.Ж. 9 жылға, ал жеке сот орындаушысы Жанахметов Р.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Олар бостандықтан айырылуға байланысты емес жаза тағайындау сылтауымен 18 миллион теңге көлемінде заңсыз сыйақы алып, алаяқтық және пара беруге итермелеу қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Қосымша жаза ретінде Шайдуллин Б.Ж. мен Жанахметов Р.М. мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, адамның қылмыс жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі.