CaspianLife, 18 сәуір. Бұл туралы «Бекіре-2025» акциясының өту барысы жөніндегі ақпаратта Жайық-Каспий өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы (балық қорғау) инспекциясы хабарлады.
Еске салайық, 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Қазақстанның үш батыс өңірінде – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында жыл сайынғы кең ауқымды балық қорғау акциясы – «Бекіре» өткізіліп жатыр.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, 1–17 сәуір аралығында балық қорғау инспекторлары құқық қорғау, табиғатты қорғау органдары және ҚР ҰҚК Шекара қызметі қызметкерлерімен бірлесіп, табиғатты қорғау заңнамасының 329 бұзушылығын анықтап, жолын кескен. Нәтижесінде 237 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, браконьерлік пен жойылу қаупі төнген сирек балық түрлерімен заңсыз айналысу фактілері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалған. Заңбұзушыларға 5,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Заңсыз айналымнан 1 тонна 556,4 келі балық, соның ішінде 362,9 келі бекіре тұқымдас балықтар, 76 дана ау құралдары және 17 су көлігі тәркіленді. Өзен арналары мен теңіз акваториясында күнделікті тор тарту барысында 186 дана заңсыз балық аулау құралы су айдындарынан алынды», – делінген балық инспекциясының хабарламасында.