Caspianlife, 17 сәуір. Наурыз айында басталған «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) желісіндегі ауқымды жөндеу-құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Биыл 1 480 шақырым магистраль жаңартылады деп күтілуде.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, теміржолшылар кестесіне сәйкес, жолдың күрделі, күшейтілген орташа және орташа жөндеулері, бағыттамалы бұрмалар ауыстыру, рельс тіректері мен жол табанын толық алмастыру және тасымалдардың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да жұмыстар жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары арнайы жол техникасымен: Duomatic, Unimat MF, түзету-тегістеу-тығыздау машиналары, рельс жылтыратқыш пойыздар және т.б. арқылы атқарылуда.
«Күрделі жөндеу – ең күрделі әрі көп еңбек пен уақытты қажет ететін процесс. Қазіргі таңда Павлодар, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау магистральдық бөлімшелерінде бірнеше учаске күрделі жөндеуден өтуде. Мұнда жол шаруашылығы қызметкерлері ескі рельс-шпал торын бөлшектеп, жаңасын төсеп жатыр. Жалпы, биыл Қазақстан бойынша 512,7 шақырым теміржол күрделі жөндеуден өтеді», – делінген ҚТЖ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жалпы, 2029 жылға дейін «Қазақстан темір жолы» 11 мың шақырым теміржолды жаңғыртуды жоспарлап отыр. Осы көлемнің 2800 шақырымнан астамы жөнделіп болды (2023 жылы – 1443 км, 2024 жылы – 1430 км).