CaspianLife, 9 сәуір. 2024 жылғы 9 тамызда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің бұйрығына сәйкес Атырау қаласында төрт сауда базарын жаңғырту жұмыстары басталды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) хабарлауынша, жаңғырту бағдарламасына «Дина», «Аламан», «Көктем» және «Авангард» (ресми атауы – «Мерей») базарлары енгізілді.
Облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Еркебұлан Тағашовтың айтуынша, егер қала халқының саны 100 мыңнан асса, сауда орындары жабық, яғни стационарлық режимде жұмыс істеуі тиіс.
– Министрліктің бұйрығына сәйкес, базарларда ашық сауда орындары енді болмайды. Осыған байланысты «Авангард» («Мерей») базары бойынша сметалық құжаттама мен бизнес-жоспар әзірлеу басталды. «Дина» базары бойынша эскиздік жобалау, жобалық-сметалық құжаттаманы бекіту және келісу жұмыстары жүргізілуде. «Аламан» базарына сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы алынып, эскиздік жобасы келісілуде. Сонымен қатар, «Көктем» базарында реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс, – деді Е. Тағашов.