CaspianLife, 8 сәуір. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметі таратқан хабарламада отырыс барысында туризм саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралғаны айтылған. Туризм саласын одан әрі дамыту мақсатында Премьер-министр бірқатар тапсырмалар берді:
— Туризм және спорт министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, екі айдың ішінде барлық мәдени, оқиғалық және спорттық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін бекіту тапсырылды. Сонымен қатар, турларға тарихи ескерткіштерді, көркем табиғи көріністерді және басқа да көрнекті орындарды экологиялық талаптарды және табиғи-мәдени ескерткіштердің сақталуын ескере отырып, енгізу қажеттілігі атап өтілді;
— Туристік гидтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде әр өңірде туристік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында тұрақты курстар ұйымдастыру тапсырылды;
— Өңір әкімдеріне – туристік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыру жүктелді;
— Көлік, сауда, ұлттық экономика, туризм және спорт министрліктеріне, сондай-ақ әкімдіктерге – жол бойындағы сервисті жақсарту жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.
«Жол бойындағы кафелер, жанармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету станциялары қабылданған стандарттарға сай болуы керек. Сондай-ақ, осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерді ынталандыру мәселесін қарастыруды тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Туристердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларға ерекше назар аудару қажет. Туризм және спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктері мен арнайы мемлекеттік органдар – ел имиджін арттыру, инвесторлар мен туристер үшін тартымдылықты күшейту мақсатында ірі мәдени, спорттық және туристік іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсетуі тиіс.