Caspianlife, 9 сәуір. Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) басшылық ауысуы жоспарлануда. Бұл кәсіпорын – қаланың қалыптасуына елеулі үлес қосқан өндіріс орны. Өткен жылы ғана АМӨЗ қала бюджетін салық түрінде 120 млрд теңгеден астам қаржымен толықтырған.
Бас директордың ауысатыны туралы ақпарат ЖШС «АМӨЗ» ресми сайтында жарияланған хабарламада көрсетілген. Онда ҚР «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңының 49-бабының 1-тармағына және ЖШС «Атырау мұнай өңдеу зауыты» Жарғысының 7-бабының 72-тармағына сәйкес, ЖШС «АМӨЗ» қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысын қашықтықтан дауыс беру арқылы өткізу туралы хабарланатыны айтылған.
Күн тәртібіне келесі мәселе шығарылған: «ЖШС «АМӨЗ» бас директоры (Басқарма төрағасы) өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, жаңа бас директорды сайлау және оның өкілеттік мерзімін белгілеу».
Дауыс беру бюллетеньдер арқылы өткізіледі. Бюллетеньді anpz.kz сайтынан жүктеуге болады. Қатысушыларға бюллетень 2025 жылдың 8 сәуірінде табысталады, ал оны қабылдау 9 сәуір, сағат 16:00-де аяқталады.
Күн тәртібі бойынша келесі шешім ұсынылған:
1.1. 2025 жылдың 9 сәуірінде ЖШС «АМӨЗ» бас директоры (Басқарма төрағасы) Жусанбаев Ғалымжан Омарұлының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату.
1.2. 2025 жылдың 10 сәуірінен бастап ЖШС «АМӨЗ» бас директоры (Басқарма төрағасы) лауазымына Бишімов Қуаныш Ердәулетұлын сайлау және оның өкілеттік мерзімін ЖШС «АМӨЗ» Басқармасына белгіленген жалпы мерзімге сәйкес бекіту.
Яғни, дауыс беру нәтижесіне қарай, бүгін кешке Ғалымжан Жусанбаев бас директор қызметінен босатылып, ал ертең, 10 сәуір күні бұл қызметке Қуаныш Бишімов кірісуі мүмкін.
CaspianLife редакциясының ескертпесі:
2024 жылдың қаңтар-қараша айларында АМӨЗ 142 млрд теңгеден астам салық төлеген. Оның 20,5 млрд теңгесі республикалық бюджетке, ал 121,5 млрд теңгесі Атырау қаласының бюджетіне аударылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы салық көлемі 151,5 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған.