CaspianLife, 7 сәуір. 2025 жылғы ақпанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясын өткізу туралы бұйрық шығарды.
Биыл бұл акция 20 наурыз бен 31 мамыр аралығында өтетін «Бекіре-2025» кең ауқымды балық қорғау науқанымен тұспа-тұс келді. Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының су айдындарында күнделікті тазалау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде Жайық пен Қиғаш өзендері және Каспий теңізінің акваториясы иесіз (қалдық) балық аулау торларынан тазартылуда.
Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы Гүлнұр Әбдіғалиеваның айтуынша, бұған қоса, су айдындарының жағалау аумақтарын тазарту жұмыстары еріктілер мен балық шаруашылығы субъектілерін тарта отырып, ерікті түрде жүргізілуде. Акция барысында жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, кәсіпорындармен, шетелдік компаниялармен және оқу орындарымен бірлескен шаралар өткізу жоспарланған. Мысалы, Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында 28 наурыз күні «Толқын» ӨК балық шаруашылығы субъектісі және «Ауған соғысы ардагерлері» қайырымдылық қоры Каспий теңізі жағалауын тазарту шарасын ұйымдастырды. Нәтижесінде 800 кг-нан астам тұрмыстық қалдық жиналды.
Өткен жұма күні, 4 сәуірде Атырау қаласында «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері «Жилгородской» және жаяу көпір маңында Жайық өзенінің жағасын тұрмыстық қалдықтардан тазартты (суретте). Сонымен қатар, қазтрансойлдықтар дәл осындай жұмыстарды Индер ауданында және Атырау қаласының іргесіндегі Береке ауылы маңында да жүргізді. «ҚазТрансОйл» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған учаскелерде кәсіпорын қызметкерлері 4,3 тонна тұрмыстық қалдық жинаған.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
(Сурет Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы тарапынан берілген)