CaspianLife, 19 наурыз. Кеше Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында жергілікті тұрғындар тапқан ұшқышсыз ұшу аппаратының (ҰҰА) сурет және видеосы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кеңінен тарады.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл биылғы жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысы (БҚО) аумағында табылған алғашқы «ұшқышсыз ұшу аппараты» емес екенін еске салды. Дәл бір ай бұрын, 19 ақпанда, осындай «белгісіз ұшу нысаны» БҚО-ның басқа аймағында – Бөкейорда ауданына қарасты Ұялы ауылының маңында құлаған еді.
Кеше кешкісін «ҚазАқпарат» мемлекеттік ақпарат агенттігі Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ресми мәлімдемесін таратты. Онда тәртіп сақшыларының уәкілетті қызметтермен бірлесіп, Тасқала ауданында сыртқы түрі ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсайтын заттың табылуына байланысты тексеру шараларын жүргізіп жатқаны айтылған.
«Нысан елді мекендерден алыс жерде құлаған, бүтін күйінде табылды, көзге көрінетін зақымданулар жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады БҚО полиция департаменті.
(Әлеуметтік желілердегі сурет және видео)