CaspianLife, 5 наурыз. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы болып Серік Сағитжанұлы Сермағамбетов тағайындалды.
Комитеттің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Серік Сермағамбетов 1965 жылғы 29 қаңтарда Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Оның екі жоғары білімі бар: «Экономист» (Алматы халық шаруашылығы институты) және «Заңгер» (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті).
Еңбек жолын 1988 жылы Алматы қаласындағы Балық шаруашылығы министрлігінің орталық материалдық-техникалық жабдықтау базасында бас экономист болып бастаған.
Әр жылдары Қызылорда балық зауытында экономист-қаржыгер, Қызылорда қаласы әкімінің аппаратында бас инспектор, Қызылорда қаласы әкімінің аппаратының басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар, Жалағаш және Арал аудандарының әкімі, Қызылорда облысының мобилизациялық даярлық басқармасының басшысы болды.
Осы тағайындауға дейін Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарған.